$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Оралда суға батып бара жатқан ер адамды құтқарған жасөспірімге алты бөлмелі үй берілді

Орал қаласының әкімдігі жасөспірімге өз қолынан алғыс хат пен ноутбукты сыйға тартты

Оралда суға батып бара жатқан ер адамды құтқарған жасөспірімге алты бөлмелі үй берілді

11 шілде күні Оралда Данил Егузов есімді жасөспірім 45 жастағы ер кісіні суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалып, ерлік жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мұндай қуанышты хабардан кейін қала әкімі оқушыға алғыс хат пен ноутбук сыйлады. Алайда әлеуметтік желіде көпшілік жергілікті биліктің мұндай сыйлығын сынға алып, жасөспірімге үй беру керектігін жарыса жазды. Ал күні кеше ғана Данилға меценат тарапынан баспана берілгені белгілі болды.

Жексенбі күні Данил әдеттегідей өзенге шомылуға барған. Бір кезде достарының бірі судың ортасында ессіз жатқан ер адамды көргенін айтқан. Данил бірден өзеннің ортасына беттеп, ер адамды арқасына салып судың жағасына шығарған.

«Жағаға келгеннен кейін оған жасанды тыныс жасамақ болдым. Сол кезде оның аузынан және мұрнынан су ағып, дем ала бастады. Мен қуанып кеттім. Жанымыздағы бір қыз жедел жәрдем шақырды, олар да тез келді. Тек сол сәтте ғана жанымызда екі баланың жылап тұрғанын байқадым. Ер адам солардың әкесі екен», - дейді Данил Егузов «Уральская неделя» ақпараттық порталына берген сұхбатында.

Дәл осы жағдайдан кейін шаһар басшысы Миржан Сатқанов Данилды анасымен бірге қала әкімдігіне шақырып, жасөспірімге өз қолынан алғыс хат пен ноутбукты сыйға тартты.

Әлеуметтік желі қолданушылары әкімнің мұндай сыйлығын сынға алып, оның орнына Данилға үй беру керектігін жарыса жазды.

Күні кеше ғана Данил Егузовға әлдекімнің баспана сыйлағаны белгілі болды. Бірақ жомарт жанның кім екені белгісіз. Бұл туралы Данилдың анасы Людмила Егузова Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Маған Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласып, осындай сүйінші хабарды жеткізді. Шынымды айтсам, басында сенген жоқпыз. Үйді барып көрдік, барлығы ұнады. Үй қаланың шетінде орналасқан. Ол жаққа автобустар жүреді. Сондықтан орналасқан жері де тамаша. Үйдің ішінде 6 бөлме бар, бөлмелері кең. Қателеспесем 220 шаршы метрді құрайды. Үйдің іші де жап-жарық. Сонымен қатар, үйдің территориясында шағын көлік жуу орталығы да бар. Данил сол жерде демалыс күндері жұмыс істеп, ақша табамын дейді. Үйдің құжаттары күні кеше ғана Данилдың өзінің атына жазылды. Әзірге көшіп үлгермедік, себебі үйдің бұрынғы қожайындары көшкенге дейін екі аптадай уақыт сұрады», - дейді Данилдың анасы Людмила Егузова.

Данил – отбасында бес баланың тұңғышы. Биыл ғана 9 сыныпты бітірген жасөспірім ендігі білімін колледжде жалғастыруды жоспарлап, алғашқыда аспаздыққа тапсырмақ болыпты. Алайда анасының ұсынысымен электрик мамандығына оқуға түсуге шешім қабылдады.

Серіктес жаңалықтары