$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағандыда қабаған ит екі бірдей адамды талап тастаған

Қазіргі таңда иттің қожайыны іздестіріліп жатыр

Қарағандыда қабаған ит екі бірдей адамды талап тастаған
Фото: ekaraganda.kz

20 шілдеге қараған түні қарағандылық жас қызды ит қауып алды. Оқиға Степной шағынауданындағы №5 мектеп маңында болған. Жәбірленушінің әпкесі Диля Жакупова куәгерлерден иттің иесін табуға көмектесуді сұрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Еkaraganda.kz басылымына сілтеме жасап.

Сіңлісін ит қапқанда Диля қасында болған. Олар үйге қайтып келе жатқанда күтпеген жерден тұмылдырықсыз, жіпсіз жүрген үлкен ит атып шыққан.

«Иттің қай тұқымнан екенін білмеймін, бірақ өте ірі ит. Ол бірден менің сіңліме тап беріп, аяғын, қолын, ішін талап тастады. Сіңлім екі минуттай итпен алысты. Біздің айқайымыздан кейін куәгерлер итті таяқпен ұрып, көзді ашытатын спрей шашты, содан кейін ғана қабаған ит жайына кетті. Осыдан кейін жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырып, арыз жаздық», - дейді ол.

Қазіргі таңда жасөспірімнің жағдайы қалыпты. Дәрігерлер тағайындаған ем-домды қабылдап жатыр. Диля сіңлісімен ауруханада жүргенде сол иттен зардап шеккен тағы бір адамның көмек сұрап келгенін айтты.

«Бізге ол иттің ит-төбелеске қатысып жүргені айтылды. Ол тістегенде сүйекке дейін үгітіп жіберуі мүмкін екен. Қазір сіңлім антибиотик қабылдап, екпе ектіріп жатыр. Бұл иттен зардап шеккен жалғыз біз емес, 20 жастағы бір жігіт те ауруханаға алғашқы көмекке келді. Қабаған ит ол жігіттің көлігіне секіріп, терезелерін шағып тастапты. Ал иттің қожайыны қашып кеткен болуы керек. Біздің ауданда иттер көп, бірақ осы иттің қожайынын анықтай алмай жатырмыз. Бұл иттен тағы қанша адамның зардап шеккені белгісіз, мұндай әрекет жазасыз қалмау керек», - деді жәбірленушінің әпкесі.

Қазіргі таңда Қарағанды облысының Полиция департаменті иттің қожайынын іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тиісті сараптама өткізілген.

Серіктес жаңалықтары