«Шіліңгір ыстықта қоқыс жинатып қойды»: мемқызметшілер Шиелі ауданының жаңа әкіміне ренжулі
Жаңа әкім «күндіз қоқыс жинайсыңдар, түнгі 12-ге дейін жұмыс істейсіңдер!» деген екен
Қызылорда облысы Шиелі ауданының мемлекеттік қызметкерлері тағайындалғанына бір апта да болмаған жаңа әкім Нұржан Ахатовтың аптап ыстықта қоқыс жинатып қойғанына ренжулі. Көше тазалаймын деп ауырып қалған Балқия есімді қызметкер журналист Гүлмира Әбіқайға хат жазып, көмек сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Шиелі ауданына кеше тағайындалған әкім Нұржан мырза осындай аптапта әкімдіктің бүкіл қызметкерін қоқыс жинауға мәжбүрлепті. Ол аздай «Күндіз қоқыс жинайсыңдар, түнгі 12-ге дейін жұмыс істейсіңдер!» деген. Шақырайған аптапта көше қоқысын тазалап, басынан күн өтіп, дәл қазір мұрнынан қан сауғалап отырған Балқияның хатын қаз-қалпында жариялауды жөн көрдім», - деп жазды журналист.
Балқия хатында жаңа әкімге қарсы шығуға көпшілігінің қорқатындарын, сол үшін амал жоқ қоқыс жинап жүргендерін жазған.
«Екі жыл бұрын мемлекеттік қызметкерлерге жұмыс уақыты кешкі 19:00-ге дейін деген заң шығып еді. Бастапқыда бұл заң қатаң тексеріліп жүріп, қазір жайына қалды. Мемқызметшілердің жұмыс уақытын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов мемлекеттік қызметкерлерді, әсіресе бөлім басшыларын күн-түн демей жұмысқа шақыра береді. Кеше 45 градуста көше аралап, қоқыс тазалатуға жіберді. Күндіз күл-қоқыс тасып, түнгі 12-ге дейін жұмыс істейсіңдер деп отыр. Әкімге ешкім қарсы келе алмайды, себебі жұмысынан айырылып қалудан қорқады. Өзі салқын кабинетте отыр, бізге демалыс күндері де жұмыс. Сонда әкімдіктегі қызметкерлердің отбасы, жеке шаруасы, денсаулықтары жоқ па? Әр бөлімге бес-алты көшеден бөліп берген. Келе салып күндіз көше тазалайсыңдар, түнде жұмыс істейсіңдер дейді. Әкім орынбасарлары да сенбі, жексенбі екеніне қарамастан жұмысқа шақырып ала береді», - деген тұрғын.
Аталған мәселеге қатысты Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласып, пікір сұраған едік. Әкімдіктің баспасөз қызметі бұл жұмыстарды ұйымдастырудағы басты мақсат – аудан тұрғындарына қолайлы жағдай жасап, санитарлық тазалық жұмыстарын, көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жандандыру болып саналады деп отыр.
«Қазіргі таңда бірінші кезекте ауданымыздың орталығы, Шиелі кентінің тазалығына айрықша мән беріліп, кент тұрғындары мен кәсіптік нысан иелеріне үндеу жасалып, өз аумағының тазалығын қамтамасыз ету, ғимараттарының қас бетін әрлеу, ретсіз өскен арам шөптерді ору, тозығы жеткен маңдайшаларды жаңарту және осы бағыттағы басқа да жұмыстарды бірлесе атқару туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, үн парақшалар таратылуда. Қуантарлығы аудан кәсіпкелері мен белсенді, жанашыр азаматтар санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты осы бастамаға бір ауыздан қолдау білдіруде. Сонымен бірге мемлекеттік мекемелер өз ғимараттарының аумақтарын ретке келтіріп, айналасында абаттандыру жұмысын қарқынды жүргізуде», - делінген ресми жауапта.
Әкімдіктің мәліметінше, аталған жұмыстың барлығын қызметкерлер өз еріктерімен атқаруда.
«Жалпы жыл мезгіліне және ауа райының қолайсыздығына қарамастан осы жұмыстарды атқару үшін коммуналдық сала мамандары мен тазалыққа жауапты қызметкерлер аянбай еңбек етіп келеді. Ол кісілердің де осы ауданның тұрғындары екенін ескерсек, осындай көпшіліктің ұйымдасуымен жүргізілетін тазалық шаралары бұл кісілерге үлкен қолдау, зор көмек болары сөзсіз. Экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру үшін қажетті осындай бастамаларға түсіністік танытуды және басқа да аудан тұрғындарын жұмылдыру үшін үлгі болып, үндеуге үн қосуға шақырамыз. Бұл жұмыс мәжбүрлі түрде емес, өз туған жерімізге деген шынайы жанашырлықпен ерікті түрде жүргізіліп жатқандығын ескерулеріңізді сұраймыз», - деді Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.