Шымкентте алаяқтар зейнеткердің шотынан 37 млн теңгесін алып алған

Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда күдіктіні іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр

Шымкентте алаяқтар зейнеткердің шотынан 37 млн теңгесін алып алған
pixabay.com

Шымкентте алаяқтар зейнеткерді 37 млн теңгеге алдап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алаяқтық фактісі туралы Шымкент ҚПД Тергеу басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз шағымында бейтаныс нөмір қоңырау шалып, белгісіз адам өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырғанын көрсетті. Сондай-ақ күдікті қарияның есепшотына белгісіз тұлғалар кибер шабуыл жасап жатқанын, 20 миллион теңге ақша салып, қайта шешіп алатынын және пәтерін сатып жіберуі мүмкін екенін айтып сендірген. Өз кезегінде ер адамға екінші деңгейлі банктердің бірінен қосымша шот ашып, сол шотқа барлық ақшаны аударуын сұрап, алаяқты құрықтауға уәде еткен.

«Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер тез арада пәтерін сатып, жалпы сомасы 37 миллион теңге қаражатын алаяқтар айтқан қосымша есепшоттарға аударған», - делінген хабарламада.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша тіркеді.

Қазіргі таңда аталған қылмыстық іс бойынша Әл-Фараби АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерінен жедел топ құрылып, күдіктіні іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қылмыскерді құрықтау мақсатында Ақтөбе және Алматы қаласының полицейлеріне жеке тапсырма берілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.