БҚО-да тұтынушылар шағымын елемеген автодилерлерге 1,4 млн теңге айыппұл салынды
Аймақтағы автодилерлер жергілікті монополияға қарсы орган өкілдеріне жалған ақпарат берген
БҚО-ның монополияға қарсы органы аймақтағы автодилерлерге қомақты айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өңірдегі автодилерлердің 2021 жылдың қаңтарынан 2022 мамырына дейінгі су жаңа жеңіл автокөліктерді сату нарығына талдау жүргізді. Соның нәтижесінде аймақтағы автодилерлер жергілікті монополияға қарсы орган өкілдеріне жалған ақпарат бергені анықталды.
«Нақты айтсақ, нарық субъектілеріне монополияға қарсы органның тарапынан көліктерге қосымша жабдықты орнату бойынша келіп түскен шағымдар туралы сұрау салынған. Бұған автодилерлер тиісті жауап ұсынбаған. Бірақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту Тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын аймақтық департаменті мұндай шағымдар бар екенін анықтаған», - делінген агенттік хабарламасында.
Осы анықталған фактілер негізінде БҚО аумағында жаңа автокөліктерді сататын үш бизнес субъектісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 162-бабы бойынша жалпы сомасы 1 408 980 теңгеге әкімшілік жаза қолданылды.