Шымкентте Полиция департаментінің рота командирі ұсталды
Қалалық тергеу соты оны 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді
Шымкент қалалық полиция департаментінің рота командирі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жергілікті полиция қызметіндегі жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.
«Қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін инспекторлардан жүйелі түрде 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін пара алып жүрген 8-рота командирінің әрекеті әшкереленді», - делінген ведомство хабарламасында.
Осы жылдың 7 шілдесінде қалалық тергеу соты оны 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, сәуір айынан бері 30-дан астам полиция қызметкері мен олардың сыбайластары қылмыстық істерге тартылды, оның ішінде 4 айыпталушы сот қаулысымен қамауға алынды.