Қызылордада тұрғындарды 20 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ әйел ұсталды

Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр

 

Қызылордада тұрғындарды 20 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ әйел ұсталды
Фото: polisia.kz

19 қызылордалықты 20 млн теңгеге алдаған әккі алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы кездері алаяқтық сарындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Жыл басынан бері Қызылорда қаласында 322 алаяқтық дерегі тіркелген. Алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында тәртіп сақшыларымен кешенді іс-шаралар атқарылып жатыр.

Алаяқтар жәбірленушілерді алдап, мүлкін өз еркімен беруге көндіреді. Қылмыскерлер "пәтер, жер учаскесін, жеңілдетілген несие алып беремін, жұмысқа орналастыруға көмектесемін" деп алдап, жәбірленушілердің ақшасын иемденеді.

Мәселен, маусым айының 5-6 күндері аралығында 19 тұрғын Қызылорда қалалық полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданған болатын. Арызда олар 2021 жылдан бері бір әйел адамның өз сенімдеріне кіріп, мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беремін деп 20 млн теңгеден астам ақшасын алдап алып кеткенін көрсеткен. Алайда әйел осы уақытқа дейін уәдесін орындамай, ақшаларын да қайтармаған. Басқарма қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қала тұрғындарын сан соқтырған 32 жастағы күдікті әйел ұсталды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 1,3,4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.