Оралда газ жарылып, бір адам қаза тапты
Екі адам ауыр халде жатыр
Оралда газ жарылды. Үш адам қатты күйіп қалған, алайда оның біреуі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Газ баллоны жарылған үйдің сау-тамтығы қалмаған. Қабырғалары қирап, астаң-кестеңі шығыпты. Көршілері үй иелерінің басқа жақта тұратынын, ал үйдің әлі салынып жатқанын жеткізді. Төтеншеліктердің дерегінше, құрылысшылар газ баллонын қыздырған кезде от шыққан. Яғни, қауіпсіздік талаптары ескерілмеген. 80 шаршы метрді шарпыған өртті өшіруге 6 техника мен 15 адам жұмылдырылыпты.
«Салынып жатқан үйде жұмысшылар жұмыс істеген кезінде газ баллоны жарылу оқиғасы тіркелді. Газ баллонының жарылған себебі қазіргі таңда анықталуда. Орал қалалық ТЖД қызеткерлерімен тергеуге дейінгі материалдар жиналып, полиция департаментіне жолданды», - дейді БҚО ТЖД бастығының орынбасары Бақытжан Ихсанов.
Жарақат алған жұмысшылар бірден ауруханаға жеткізілді. Біреуінің денесі түгел күйіп қалған. Полиция дерегінше, құрылысшылар Тәжікстан азаматтары екен.
Полиция осы оқиға ізімен «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.