Ақтөбеде уақытша ұстау изоляторының бастығы есірткі қолданып көлік жүргізген
Полиция департаментінің бастығы қызметтік тәртіпті бұзған қызметкерін жұмыстан босатты

Ақтөбеде рөлде есірткіге елітіп отырған уақытша ұстау изоляторының бастығы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Диапазон» басылымының жазуынша, қаладағы Кошевой көшесінде полиция қызметкерлері Хромтау аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының бастығы мінген Nissan Almera көлігін тоқтатқан.
Белгілі болғандай, ол көлік құралын басқарған кезде есірткіге мас күйде болған. Сол себепті Полиция департаментінің бастығы оны қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін жұмыстан шығарды.
«Жұмыстан қуылған ер адам Полиция департаментін сотқа беріп, өзін жұмысқа қайта алуды және жұмысқа шықпауға мәжбүр болған уақыты үшін жалақы төлеуді талап етті. Талапкер жұмыстан заңсыз босатылғанын, жұмыстан босату туралы бұйрықтың қолына берілмегенін айтқан. Ал оның өкілі тіпті, есірткі қолданудың өрескел заңбұзушылық емес екенін, оның клиенті әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын мәлімдеген», - делінген хабарламада.
Сот уақытша ұстау изоляторының бұрынғы бастығының талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Судья Зайнулина өз шешімінде полиция бөлімшесінің бұрынғы бастығының теріс қылығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті. Сонымен қатар, қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін сотталған адам әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктен жалтармақ болған, тіпті оған іздеу де жарияланған екен.