Атырау облысында сапасыз жарық шамдарын орнатқан кәсіпкер сотталды
«Жайық Жарығы» ЖШС директорына қатысты сот үкімі шықты
Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Жайық Жарығы» ЖШС директорына қатысты қылмыстық істі тергеп аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, 2019 жылы ЖШС басшысы Атырау облысы Құлсары қаласының аумағын жарықтандыру үшін 150 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу бойынша тендердің жеңімпазы болып танылған.
«Алайда ол заңнама талаптарын және жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шартпен алынған міндеттерді бұзып, рәсімделген құжаттарда көрсетілген жарық шамдарды орнатудың орнына, арзан нашар сападағы жарық шамдарға ауыстырып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иеленген. Бұл әрекетімен мемлекеттік бюджетке 4 млн теңгеден астам залал келтірген», - делінген ҚМА хабарламасында.
Сот үкімімен аталған серіктестік басшысы қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-нің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептеледі.