$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.02.2020, 05:23
Оқиғалар

БҚО-дағы шекаралық бекетте көлік кептелісі пайда болды

Көліктер бірнеше күннен бері қаңтарылып тұр

БҚО-дағы шекаралық бекетте көлік кептелісі пайда болды

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, жүргізушілер жол азабын тартып жатыр. Көліктер бірнеше күннен бері қаңтарылып тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Жүк көлігінің жүргізушісі, алматылық тұрғын Қадыр Бадаловтың оңтүстік астанадан шыққанына аптаға жуықтапты. Қар мен боран, көктайғақтың кесірінен жүрісіміз мандымай келеді дейді ол. 

«Жол жаман екен. Жолға қарайтын адам жоқ па, білмеймін, осылай қиналып жатырмыз. Барлық шопырлар қиналып жатыр.  Жол жоқ деп айтуға болады. Мына жақты тазалайды, ал ана жақта тіпті құм себетін адам жоқ. Қызылордадан өтіп кетсеңіз болды, Жымпитыға дейін осылай», – деп шағымданады жүргізуші Қадыр Бадалов. 

«Алматыдан шыққанымызға 4 күн болды. Түркістаннан мына жерге 3 күнде жеттік. Ырғыз, Хромтау, Ақтөбеде 20 градус суық болды. Сол жақта тұрып қалдық», – дейді тағы бір жүргізуші Әріпжан Ғұламов. 

Ауа райының қолайсыздығынан қар тұтқынында қалған жүргізушілер жол ашылған соң жолға шыққан. Алайда, жүк көліктерінің нөпірі шекараның түбінде тежелген. Жеті шақырымдық кезекке осы себеп болыпты. Ал өткізу бекеті қалыпты ырғақта қызмет етуде. Орал мен шекараға дейінгі жол жарқырап жатыр. Әлеуметтік желілерде жазылғандай, бір күн бұрын көктайғақ болғаны рас дейді мамандар.  

«Көктайғақ болғаны рас. Бірақ артынша біз құм шаштық. Қазір мұз еріп жатыр. Күні-түні қолда бар техниканың күшімен жұмыс істеп жатырмыз. Өздеріңіз көргендей, қазір шашсақ, қазір қар басып қалып жатыр», - деді «ҚазАқавтожол» ЖШС № 38 жол пайдалану учаскесінің бастығы Ізтұрған Хайыров. 

Республикалық маңыздағы жолдарды күтіп-ұстау «ҚазАвтожол» серіктестігінің мойнында. Бірақ кәсіпорын өз міндетін толық атқара алмайды. Оған техника жетіспеуі себепші көрінеді. Күні бүгін мекеме қажетті техникамен 42% ғана қамтылыпты. Сондықтан шығар, жол сапасы ақсап тұр. Мұны тиісті тексерістер нәтижесі де растайды.  

«Қаңтар айы бойынша 17 шығып бақылау жүргізілді. Қанша мөлшерде тұз барын анықтау мақсатында14 зертханалық сынама - құмды тұз қоспасы алынды. 12 ұйғарым жасалды. Қарды уақытылы тазартпаудан, тұз қоспасы себілмегендіктен көктайғақ пайда болуда, ол өз кезегінде жол қозғалыс қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді», – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚОФ инженері Зауырбек Қыпшақбаев. 

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қазір республикалық маңыздағы жолдарды қадағаласа,  таяу келешекте облыстық және қалалық жолдарды күтіп-ұстау жайын, жөндеу жұмыстарының сапасын бақыламақ.

Серіктес жаңалықтары