Талдықорғанда студент қыз колледж терезесінен секіріп мерт болды
17 жастағы қыз сабақ кезінде ғимарат терезесінен секіріп кеткен
Талдықорғанда колледж студенті үшінші қабат терезесінен секіріп қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
31 қаңтар күні Талдықорған гуманитарлық колледжінде оқитын 17 жастағы студент қыз сабақ кезінде ғимарат терезесінен секіріп кеткен. Оның мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз.
Суицид жасаған студент жедел жәрдем көлігінде ауруханаға жетпей көз жұмды.
«Қайғылы оқиға туралы ақпарат жұма күні әлеуметтік желілерде тарап кетті. Аймақ полициясы қайғылы оқиғаның болғанын растады. Суицид туралы дерек Талдықорған Полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеу бірыңғай реестрінде тіркелген. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 2-бөліміне сәйкес, «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде», – делінген баспасөз мәліметінде.
Қазіргі уақытта куәгерлерден жауап алынып жатыр. Тергеу ісі облыстық Полиция департаментінің бақылауына алынды.