Қостанайда ер адам бұрынғы әйелін клиенттің көзінше пышақтап тастады
Артынша өзінің кеңірдегін қиып жіберген ер адам жансақтау бөлімінде жатыр
Қостанайда ажырасып кеткен әйелінің соңынан қалмай қойған ері жантүршігерлік қылмыс жасады. Ол сұлулық салонында жұмыс істейтін бұрыңғы келіншегін жұмыс орнында пышақтап тастады. Кейін өзінің кеңірдегін қиып жіберген. Екеуі де қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Куәгердің айтуынша, сұлулық салонындағы сұмдық оқиға 30 қаңтар күні сағат 16.00 шамасында болған. Әуелі 52 ер азамат әйелді оңаша сөйлесуге шақырыпты. Оған көнбеген соң ішке еніп, клиенттің көзінше маникюр жасайтын шеберді пышақтап тастаған. Кейін өзіне пышақ сермеген.
«Айғай-шуды ести сала, алғаш мен жүгіріп бардым. Күдікті бері қарады да, орындыққа отыра кетті. Кеңірдегін қиып жіберген екен. Әйелге алғашқы көмек көрсетіп, дәлізге алып шықтық. Дереу жедел жәрдем шақырттық», - дейді куәгер Илья ПОДОПЛЕЛОВ.
Бұрынғы күйеуінен жапа шеккен 40 жастағы келіншек қазір облыстық ауруханадағы жансақтау бөлімінде жатыр. Көптеген пышақ жарақатын алған. Ал кеңірдегін өзі қиып жіберген бұрыңғы күйеуінің жағдайын дәрігерлер мүшкіл деді.
«Әйелдің денесі мен бетінде көптеген пышақ жарақаты бар. Ал еркек кеңірдегінен жараланған. Ол қалалық ауруханада жатыр», - деді облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения ЖЫЛҚЫБАЕВА.
Полицейлердің мәліметінше, бұрынғы ерлі-зайыптылар 2013 жылы ресми ажырасқан екен. Кейін тағы татуласып, бірнеше мәрте араздасып, қайта қосылып жүрген. Ерінен жәбір көрген әйел екі рет полицияға шағымданып та келіпті. Өткен жылы екеуі екі жаққа кеткен. Бірақ күдікті бәрібір сүйіктісінің қыр-соңынан қалмаған.
«2013 жылы ресми ажырасқан. Содан бері ол әйелінің қыр-соңынан қалмаған. Онымен татуласқысы келген. Бірге тұрмақ болған. Екеуінің ортақ балалары бар. Күдіктінің қызғанышы және бірге тұрмақ болған әрекеті осындай оқиғаға әкелді», - деді Қостанай қалалық полиция басқармасы солтүстік бөлімі басшысының орынбасары Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.
Полиция «Адамды қасақана өлтіруге оқталу» және «Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сондай-ақ күдікті жансақтау бөлімінде жатқанына қарамастан арнайы күзетке алынды.