Павлодарда 1 млн теңгеден астам ақша ұрлаған ер адам көшеде ұсталды
Күдікті полицияның учаскелік пунктіне жеткізілді
Ұлттық ұлан сақшылары бір күнде екі алаяқты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы «Шығыс»өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді мәлім етті.
"Павлодардағы Бұхар жырау көшесі бойында патрульдік қызмет атқару барысында белгісіз біреу Ұлттық ұлан сақшыларын көре сала бірден жалт бұрылып, тұра қашады. Күдіктінің бұл әрекетін байқап қалған сарбаздар оны тез арада ұстап алып, жергілікті полицияның учаскелік пунктіне жеткізді", - деді Бағдат Амангелді.
Ұсталған азаматтың жеке мәліметін тексеру барысында оның ҚР ҚК 190-бабының 1-тармағы бойынша 1 197 768 теңге көлемінде ақша жымқырып, «Алаяқтығы» үшін іздеуде жүргені анықталды.
Дәл осы уақыт аралығында тағы бір азамат оның танысы 25 мың тенге ақшасын алдап әкеткенін айтып арызданды. 5512 әскери бөлімінің тәртіп сақшылары Нұрмағамбетов көшесі бойындағы автобекет аумағын патрульдеу барысында жан-жағына жалтақтап келе жатқан белгісіз біреу сарбаздарды көре сала жүрісін жылдамдатып, тез арада қашып кетуге әрекет етпек болады.
Полицияның учаскелік пунктіне жеткізген соң, ұсталған азаматтың жеке мәліметін анықтау барысында жоғарыда түскен арызға қатысы бары анықталып, кінәсін мойындады.