Онлайн курстан 350 мың доллар түсті: отандық олигархтың экс-әйелі шетелдік мамандардың ақысын төлемей жүр
Ол отандық олигарх Айдан Карибжановтың бұрынғы әйелі
Белгілі пиар менеджер Малика Қасенова және беларусьтік продюсер Яна Вардомацкая отандық олигарх Айдан Карибжановтың экс-әйелі Мақпал Карибжанованың өздерін алдап соққанын айтып, қазақстандықтарды оның «рухани курстарына» қатыспауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Мақпал Карибжанованың будда ілімін насихаттайтын «рухани курстары» Қазақстан интернет кеңістігінде 2021 жылдан бастап таныла бастады. Оның курстарын Баян Есентаева бастаған селебритилер жарнамалап, тікелей эфирге шығып, көпшілікті Мақпалдың рухани ілімге толы сабақтарын оқуға шақырған.
Бір кездері балерина болған олигархтың экс-әйелі қазіргі таңда Америкада тұрады. Мақпалдың курстарының бағасы да арзан емес, бір адамға арналған айлық курстың құны 1000 доллар шамасында. Оның алғашқы онлайн-курсына команда жасақтап, жарнама, таргетімен айналысқан беларустік продюсер Яна Вардомцкая «рухани ілім» үйретуші ұстаздан еңбекақысын ала алмай жүргеніне жарты жылдан асқанын айтты. Ашуланған продюсер өзінің қалай алданғаны туралы материал жариялаған.
«Мақпал екеуміз онлайн продюсерлік курста таныстық. Кейін ол серіктес болу туралы ұсыныс тастап, хабарлама жазды. Артынша телефон арқылы тілдесіп жүріп, сәуір айында бірлескен жұмысымызды бастап кеттік. Беларусьте маркетингтік қызмет көрсететін жеке кәсібім бар, келісімшарт та жасадым. Бірақ ол кейінге қала берді. Одан бөлек, мен Мақпалдың сөзіне, түріне, рухани ілім туралы әңгімесіне қарап, шынайы сеніммен жұмыс істедім.
О баста Мақпалда ешқандай команда болған емес, тек сататын өнім жасау керекпіз деген идея болды, «221Fit» деген бағдарламасы бар екенін айтты. Бірақ мен басқа өнім жасауды ұсындым. Стратегия бойынша көп ауқымды жұмыс жасалды, команда жинадық. Ешқашан өмірімде осындай көп жұмыс істемеген шығармын. Оның үстіне Қазақстанның уақыты мен Ныю-Йорктің уақыты екі түрлі болды. Команда жинау, операционканың жұмыстары толықтай менің мойнымда болды», - деді Яна.
Янаның айтуынша, алғашқы курстың қаржы айналымы 350 мың долларды құраған.
«Алғашқы курсқа 400 адам кірді, айналымда 350 мың доллар ақша болды. Копирайтер, монтаж, СММ, қысқасы толықтай мен жинаған мамандар айналысты. Бірінші кезеңді қазан айында аяқтадық. Наурызда екінші кезең аяқталды. Ол төлемнің барлығын қабылдап алғаннан кейін, есеп айырысайық дедім. Барлық жұмсалған шығындар мен қаржыларды жазып жіберемін деген Мақпал күнде түрлі сылтаумен менен алыстай бастады. Біраз уақыттан соң олар барлық курсқа деген қолжетімділікті жойды.
Мақпалмен ара-тұра 5-6 сағаттап өмір, тамақтану, жеке бастың мәселесі туралы сөйлесіп тұратынбыз. Курстың екінші легі қосылғанда бұл қарым-қатынастың бәрі кенеттен тоқтады. Ол бар мәселені өзінің заңгерімен сөйлесу керек екенін айтты да, мені бұғаттап тастады. Заңгері менен бітпейтін құжаттар, актілер, тіркеу туралы құжаттар сұрайды. Бірақ өз тараптарынан ештеңе берілмеді, айтылмады. Одан заңгері де мені чатта, жекеде қара тізімге салып тастады», - деп ағынан жарылды шетелдік маман.
Ал отандық пиар маманы Малика Қасенова алдымен курсқа қатысушы ретінде тіркеліп, кейіннен парақшасында Мақпалдың сабағын тегін жарнамалаған. Малика арқылы курсқа қатысушылар санының артқанын көрген Мақпал оған серіктес болуды ұсынған. Бірақ келісімшартты кейін жасайтындарын жеткізген.
«Қараша айында мен де күн демей, түн демей жұмыс істедім. Яна команда жинау, техникалық жұмыстарды толықтай атқарса, мен курсты Қазақстанда таныту, блогерлермен жұмыс, пиармен айналыстым. Мен де оның рухани ілім таратушы адам екеніне сеніп қалдым. Мұндай адам алдап соғады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеді. Мен оқырмандарымның енді ол әйелге алданғанын қаламаймын. Мен арқылы Мақпалды танып, жарнама жасаған блогерлер одан бірге өткізген тікелей эфирлерді өшіруде талап етіп, хат жолдады. Себебі Мақпал олармен де келісімшарт жасаспаған. Қазір Яна екеумізді «бұрынғы күйеуі тапсырыспен сатып алған» деп айтып жатыр. Маған оқырмандар алдындағы беделім қымбат және миллиондаған доллар тауып отырып, балалы әйелдердің еңбегін жеп отырған адамда қайдағы рухани ілім?! Сол себепті әріптестерім, оқырмандар біз сияқты алданып қалмасын деген мақсатта ақиғатты айтып отырмын», - деп мәлімдеді Малика.
Мақпал Карибжановаға аталған мәселе бойынша хат жазып едік, ешқандай жауап ала алмадық. Бірақ ол жеке парақшасында «мұның бәрі өзіне жасалып жатқан қастандық» екенін мәлімдеген. Айтуынша, мұның басында экс-күйеуі Айдан Карибжанов тұр. Айта кететіні, Мақпал мен Айданның ажырасу процестері қоғам назарында болды. Балерина күйеуінің трансгендермен байланысы бар екенін, өзіне қол көтеріп, қысым жасайтынын мәлімдеген болатын.