Алматыда адам өлімімен аяқталған заңсыз митингті ұйымдастырған әйел қамауға алынды
Салтанат Тәшімова өзі ұйымдастырған заңсыз акцияның ең белсенді қатысушысы болған

Өзін қоғам белсендісі санайтын Салтанат Тәшімова рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, 16 маусымда Алматыда митингке заңсыз қатысу (ӘҚБтК-нің 488-бабының 6-бөлігі) дерегі бойынша Салтанат Тәшімоваға қатысты материал түскен.
«9 сәуірде «Минин» тұрғын үй алаңында тұрғын үй кешенінің тұрғындары интернет-блогердің бас болуымен әкімдіктің рұқсатынсыз баннерлер ұстап, қоғамдық шараға заңсыз қатысқан. Бұл ретте Тәшімова заңсыз митингтегі ең белсенді қатысушы болған», - делінген сот хабарламасында.
Алайда сот отырысында Тәшімова өз кінәсін мойындамады. Ол тұрғын үй ауласына 9 сәуірде тұрғындардың шақыруымен көпқабатты үйлердің тым тығыз орналасуы мәселесі бойынша барғанын айтты.
Тақырыпқа орай: Алматыда санкцияланбаған акциядағы қақтығыс кезінде ер адам қаза тапты
«Прокурор соттан Салтанат Тәшімованы ӘҚБтК-нің 488-бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолдануды сұрады», - делінген хабарламада.
15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды тағайындауға қатысты әкімшілік жазаның түрі мен мөлшерін анықтау кезінде сот құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің құқықбұзушылықты тоқтату туралы талаппен заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан кінәлі тараптың қасақана құқықбұзушылықты жалғастырып, заңға қайшы әрекет көрсеткенін ескерді.
Сот қазіргі уақытта сот актісі заңды күшіне енбегенін және онымен келіспеген жағдайда апелляциялық сатыға шағымдануға болатынын ескертті.