Шымкентте полицейлер 9-қабаттан секірмек болған қызды құтқарды
Екі күн бұрын қыздың жақындары оның жоғалып кеткені туралы арызданған

Шымкенттік полицейлер 9-қабаттан секірмек болған қызды аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шымкент қалалық полиция департаменті хабарлағандай, көпқабатты тұрғын үйдің 9-қабатында өзіне қол жұмсағалы тұрған жас қызды көрген тұрғын «102» арнасы арқылы полицияға хабарлайды.
«Аталған хабар түсе салысымен жақын маңдағы патрульдік полиция полкіне бағдар беріледі. 844 және 732-автоэкипажының қызметкерлері қызды сөзге тарта отырып, оны ұстап алып қауіпсіз жерге шығарады. Жедел жәрдем шақыртылып, психологиялық көмек көрсетілді», - делінген ПД хабарламасында.
Мән-жайды толық анықтау үшін тұрғын Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Айта кетерлігі, оқиға болардан екі күн бұрын қыздың жақындары полицияға оның жоғалып кеткені туралы арызданып, іздеу жариялаған.