Бір отбасының 7 адамы сотталды: тараздық жанұя жалған шот-фактура шығарумен айналысқан

Отбасының анасы жеті, ал отағасы он жылға бас бостандығынан айырылды

Бір отбасының 7 адамы сотталды: тараздық жанұя жалған шот-фактура шығарумен айналысқан
Фото: tengrinews.kz

Ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекет бюджетіне салық түріндегі 1 миллиард теңгеден астам қаражат түспей қалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаменті «Көмековтер» ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты қылмыстық істі тергеді. Көмековтер ұйымдасқан қылмыстық топтың 7 белсенді мүшесін басқарғаны, олардың әрқайсы жалған кәсіпорындардың тұтас желісі арқылы іс жүзінде жұмыс істемей, шот-фактураларды берудің қылмыстық схемасында белгіленген қызмет жасағаны анықталды. Олардың шын мәнінде жұмысшылар штаты мен өндірістік базасы болмаған және контрагенттерге жалған шот-фактуралар беру арқылы салықтан жалтаруға көмектесу үшін құрылған», - деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігінің  баспасөз қызметі 

Сот ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сатып алған Орал қаласындағы кеңсесін және сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде тәркіленген 17 миллион теңгеден астам қаражатты тәркілеумен қатар, мемлекеттік кірістер органдарының 10 миллиард теңгеден астам сомаға келтірілген залал сомасын өтеп беру туралы азаматтық талап арызын да қанағаттандырды.

Сот үкімімен Көмековтер қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленіп, отбасының анасы 7, ал отағасы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да қатысушылары түзеу мекемелерінде 3 жылдан 5 жылға дейін жазасын өтейді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.