Алматы облысында кішкентай қызды бір емес, екі иттің талағаны белгілі болды
Әйел зардап шеккен қыздыі еміне көмектесуге дайын екенін жеткізді
Алматы облысында кішкентай қызды бөрібасар иттердің талағанына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 5 маусымда болған оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл дерек Талғар ауданында тіркеген.
Белгілі болғандай, Алматыдағы ауруханалардың біріне түрлі жарақатпен ауыр халде түскен 7 жасар қызды алабай тұқымдас екі ит талап тастаған. Беті мен денесінде жыртылған жаралар бар деген диагноз қойылған бала дәрігерлердің бақылауына алынған.
Талғар ауданының полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің «Абайсызда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жануарлардың иесі 57 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Әйел иттерді қоршауда ұстайтынын, тек сол кезде тамақтандырып, серуендету үшін аулаға жібергенін айтып ақталған. Алайда көзді ала бере жартылай ашық тұрған қақпадан сытылып сыртқа шығып кеткен екі алабай көршінің қызына тап берген көрінеді. Әйел зардап шеккен қыздыі еміне көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Тақырыпқа орай: Алматы облысында тайыншадай алабай кішкентай қызды талап тастаған
«Қазіргі кезде барлық қажетті тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бала ауруханадан шыққан соң жүргізілетін сараптама да бар. Сараптамалардың қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Сондай-ақ екі иттің де қаншалықты қабаған екені және оларды одан әрі күтіп-баптау мәселесі қарастырылады», - деді Талғар аудандық полициясы
Еске салсақ, бұған дейін Тұздыбастау ауылында алабай итінің кішкентай қызды талап тастағаны туралы жазған болатынбыз.