Екінші ұшқыштың өліміне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды
Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев айтып берді
Өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласы маңында «Bek Air» әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырап, 12 адам қаза тауып, 67 адам түрлі жарақатпен аурухана жеткізілді. Соның бірі – екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов. Кеше Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 55 жастағы ұшқыштың көз жұмғанын хабарлады. Басқарманың айтуынша, жағдайы жақсара түскен ұшқыш 21 қаңтарда ауруханадан шығарылған. Алайда, кеше ұшқыштың денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдем дер кезінде жеткенмен, аман алып қала алмаған.
Бүгін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ұшқыштың өліміне әуе апаты кезінде алған жарақаты немесе басқа да криминалды фактор әсер етпегенін айтты.
«Алдын ала болжам бойынша, ұшқыштың өліміне әуе апаты кезінде алған жарақаты немесе басқа да криминалды факторлар әсер етпеген. Мәселе, оның денсаулығына қатысты. Кез келген адамның өліміне қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалады. Сондықтан, қайғылы жағдайдың нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайды», - деді М. Қожаев.
Айта кетсек, екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов ұшақ апатынан соң №4 қалалық ауруханада жиырма екі күн жатып емделген болатын. Дәрігерлер 55 жастағы ұшқыштың бел омыртқасына ауыр операция жасаған. Бір апта жансақтау бөлімінде жатқан ұшқыш 5 қаңтар күні есін жинаған еді.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан