Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты

Azattyq Rýhy

Қазақстан тарапы әлі де болса Ақжарқынды Қазақстан түрмесіне ауыстырудан үмітті

Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты
Фото: ашық дереккөзден

Қытай өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Бұл туралы Azattyq Rýhy Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«2020 жылдың 19 қазанында Бас прокуратураға Ақжарқын Тұрлыбайдан өзін Қазақстанға ауыстыру туралы хат келді. Сол күннен қалдырмай қытай тарапына тиісті сұрау жолдадық. ҚХР Әділет министрлігінің 2021 жылғы 3-наурыздағы жауабына сай, Қытай Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстан Республикасына экстрадициялаудан бас тартты, өйткені, ол шартты түрде ерте босау мүмкіндігінсіз өмір бойына сотталған», - деп хабарлады Бас прокуратураның халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Ғалымжан Қойгелдиев. 

Алайда, Қазақстан тарапы әлі де болса Ақжарқынды Қазақстан түрмесіне ауыстырудан үмітті. Егер, Қытай соты оның жазасын өзгертіп, түрмеге жабылған жылдарын азайтса, қазақ қызы Қазақстан түрмесіне экстрадициялануы мүмкін. 

Айта кетейік, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы студент кезінде Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы әуежайда ұсталған. Ол таныстарының, соның ішінде Нигерия азаматтарының алдауына түсіп, Алматыдан Қытайға жол тартқан еді. Әлдекімдер оған Гуанчжоудан Малайзияға бренд киімдер өткізіп берсе, қомақты қаражат төлейтіндерін айтқан. Гуанчжоу қаласының әуежайынан ұшар кезде сөмкесінен есірткі табылған Ақжарқынды Қытайдың шекара қызметі қолға түсіреді. Ақжарқын есірткі туралы мүлде бейхабар болғанын айтып, осы күнге дейін кінәсін мойындаған жоқ. Ал, осы наркотрафикті ұйымдастырған қылмыстық топтың мүшелері әлі қолға түскен жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.