Бейтаныс жігіттің автобуста баланы мас әкенің жұдырығынан арашалаған видеосы тарады
Оқиғаға қатысты полиция өкілдері пікір білдірді
Петропавлда бейтаныс жігіт автобуста мас әкесінің жұдырығынан қорыққан балаға араша түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеода еңгезердей еркектің қоғамдық көлік ішінде бозбалаға тап беріп, жаға жыртысып жатқан сәтін көруге болады. Жазба авторының айтуынша, жас жігіт мас әкесі ренжіткен қорғансыз балаға араша түспек болып, соның салдарынан төбелес шыққан.
«Бұл оқиға №7 автобуста болды. Жігіт әкесі балағаттап, ұрмақ болған 10 жас шамасындағы баланы қорғап қалды. Мас күйдегі әке баласына «Ауызыңды жап, әйтпесе аяқ-қолыңды сындырамын» деп қорқытқан. Содан соң оны қорғамақ болған бозбалаға жұдырық ала жүгірді», - делінген бейнежазба астында.
Аталған жайтқа қатысты Петропавл қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі түсінік берді.
«Оқиғаға қатысты тұлғалардың әрекетіне ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша баға беріледі. Қазіргі уақытта жанжал себептері тараптары анықталып жатыр», - деді ПД өкілдері.
Алайда полиция жауабына қанағаттанбаған желі қолданушылары бала өміріне төнген қауіптің ұсақ бұзақылық болып саналғанына, сондай-ақ, балаға ара түскен жас жігіттің де жауапқа тартылатынына қатысты реніштерін білдіріп жатыр.