Дәрігерлер токқа түсіп, екі қолынан айырылған 4 жасар баланың жағдайы туралы айтты
Оқиға 24 мамыр күні болған еді

Оралда токқа түсіп, екі қолынан айырылған 4 жасар бүлдіршіннің жағдайы әлі де ауыр деп бағаланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Болат Әлібаев баланың түнгі 00:00 шамасында санитарлық авиациямен жеткізілгенін айтты.
«Балаға төртінші дәрежелі кең көлемді электр күйігі диагнозы қойылды. Күйік салдарынан баланың қол сүегі зақымдалған болатын. Оған шұғыл түрде некрэктомия – өлі тіндерді алып тастау, яғни қолының екі иығына дейінгі бөлігін алып тастау отасы жасалды. Қазір баланың жағдайы ауыр, ол жансақтау бөлімінде жатыр. Шокқа қарсы және қарқынды түрде ем алып жатыр», - деді Болат Әлібаев.
Дәрігердің айтуынша, баланың есін біледі, тамақ ішіп-жеп, айналадағы шуға, қойылған сұраққа жауап береді, тіпті өзіне не болғаны да есінде. Бала тіпті бірнеше рет екі қолының неге жоқ екенін сұраған. Алдағы уақытта ұзақ емделіп, мүгедектікке тіркеліп, протез салынатын болады.
Дәрігерлер бүлдіршіннің ауруханада әлі 2-3 апта болатынын айтты.
Еске салсақ, Жанғалы ауданы Жаңақазан ауылында 4 жасар баланың трансформатор қорабына шығып кетіп, токқа түсіп қалғаны туралы жазған болатынбыз. Оқиға 24 мамыр күні болған еді.