$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.05.2022, 08:32
Оқиғалар

«Біреулер кірген»: Шымкентте перзентхана жанындағы жарылыс қасақана жасалған ба

Сенбі күнгі жарылыстан төрт адам көз жұмды

Шымкентте перзентхана маңындағы жойқын жарылыс қолдан ұйымдастырылуы мүмкін. Күл-талқаны шыққан дәріхана басшылары осылай дейді. Себебі: оқыс оқиға болардан бұрын зертханаға бәз-біреулер кіріп, дабыл қағылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Ал перзентхана ғимараты қираған сәтте алты әйелдің толғағы келген. Оның біреуін дәрігерлер гаражда босандырып алыпты. Қазір апаттан жарақат алған жеті адам ауруханада жатыр. Ал қаза тапқандар саны төрт адамға жетті. Оның екеуі жаңа туған нәресте. Үш апта бұрын үшемді дүниеге әкелген жас ана бір сәтте қос сәбиінен айырылып қалды.

Жойқын жарылыстан күл-талқаны шыққан перинаталды орталық қазір жабық. Әзірге қызметкерлер перзентхана ішіндегі құрал-жабдықтарды қауіпсіз жерге көшірумен әлек. Ал осында жатқан 198 әйел өзге перзентханаларға ауыстырылған.

Сенбі күнгі жарылыстан төрт адам көз жұмды. Біреуі үш ай бұрын ғана шаңырақ көтерген перзентхана күзетшісі болса, тағы екіншісі аумақта құрылыс жүргізіп жатқан жұмысшы. Тағы екеуі өмірге келгеніне 18 күн болған үшемдердің сыңары. Аман қалған үшінші шақалақ қазір жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Ал жарақат алып ауруханада жатқан 7 адамның екеуі жансақтау бөлімінде. Зардап шеккендердің барлығы перзентхана қызметкерлері.

Ал жарылыс жапсарлас тұрған дәріханада болған. Бұл ғимаратта зертханада орналасқан. Мұнда ауруханаларға қажет дәрі-дәрмектер жасалынады. Іші химикаттарға толы нысанның өкілдері жарылысқа бәзбіреулердің қатысы болуы мүмкін дейді. Себебі, сенбі күні жарылысқа дейін жабық тұрған ғимаратқа белгісіз біреулер кірген деп отыр.

«Терезенің сынғаны және ішінде біреу жүргені туралы құрылғылар дабыл қақты. Артынша, 15 минуттан кейін жарылыс болды. Біреулер кіруі мүмкін деп ойлаймыз. Тергеушілерге жазып бердік, бұл туралы. Бірақ бұл тексеріліп бітем дегенше, қарап отырмай, жанымыздағы перзентхана мен бүлінген үйлерге көмек көрсететін боламыз», - деді «Фарм Синтез» ЖШС заңгері Нұржан Пакеев.

Зертхана маңындағы үйлер де бүлінген. Жарылыстың күшті болғаны соншалық, ауыр бетон көпқабатты үйдің екінші қабатын тесіп өткен. Пәтерлерде сызат пайда болған. Бесінші қабаттағы бір пәтердің балконы түгел қирап қалды. Есі еткен тұрғындар кімге арызданарын білмейді.

Жарылыстан кейін іргеде тұрған бес көпқабатты үй газбен жарықтан ажыратылған. Электрді бірден берсе, 300-ге жуық отбасы әлі газсыз отыр. Сондай-ақ күшті жарылыстан шатыры кеткен көпқабатты үйдің жабыны толық жаңартылып жатыр.

Қазір дәріхана ішіндегі зертханадағы жарылыс бойынша арнайы комиссия құрылып сараптамалар тағайындалды. Құзырлы орындар тексеріп жатыр. Ал әзірге жабылған перзентхананың 500-ге жуық қызметкері жан-жақтағы ауруханаларда жұмыс істей тұруы қажет. 60-қа жуығы бүгін еңбек демалысына шығуға мәжбүр.
 

 
Серіктес жаңалықтары