Түркістан облысында дәрілік шөп қазып жүрген 23 шетелдік азамат ұсталды

Azattyq Rýhy

Олардың үстінен хаттама толтырылып, айыппұл салынды

Түркістан облысында дәрілік шөп қазып жүрген 23 шетелдік азамат ұсталды

Түркістан облысында полицейлер кеурек дәрілік шөбін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген 23 шетелдікті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Арыс ауданының тәртіп сақшылары далалы жерлерде өсетін емдік қасиеті өте жоғары дәрілік «кеурек» (ферула) шөбінің сөлін қазып, заңсыз жұмыс істеп жүрген 23 өзбекстандықты анықтады.

«Олар далалы алқапқа шатыр тігіп, кеурек қазып жүрген жерінен ұсталды. ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша жауапқа тартылып, ел аумағынан аластатылды. Ал жұмыс беруші ҚР азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы «Шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды», - делінген ПД хабарламасында.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тек орын алған құқықбұзушылықты анықтап қана қоймай, шетел азаматтары және жұмыс берушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Көші-қон қызметі туралы заңдылықтарды сақтау бойынша ескерту жасалды. Түркістан облысының полицейлері бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.