Алматыда кәсіпкерден 260 мың доллар бопсалаған ер адам ұсталды
Арнайы жүргізілген іс-шара нәтижесінде күдікті қылмыс үстінде қолға түсті
Алматыда кәсіпкерден 260 мың доллар бопсалаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпкер полицияға арызданған. Оның айтуынша, бейтаныс ер адам жалған қарыз есебінен одан 260 мың доллар бопсалап, күш көрсетемін деп қорқытқан.
«Бұл дерек жедел және арнайы іс-шаралар барысында расталды. 1981 жылы туған Н. есімді азамат күш көрсетемін деп қорқытып, кәсіпкерден ірі көлемде ақша талап еткен. Полицияның арнайы жасақтарының қатысуымен өткізілген арнайы іс-шара нәтижесінде күдікті қылмыс үстінде ұсталды. Рұқсат етілген тінту кезінде қаражат тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 194 бабы 4 бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдікті қамауға алынды», - деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Әбілбеков.
Полиция қызметкерлері арнайы іс-шараны бір күн бұрын кешкі он жарымда Әл-Фараби даңғылында орналасқан дәмханалардың бірінде жүргізген. Күдіктінің осы маңда тұратыны анықталды, сондықтан ол “кездесуді” өзіне ыңғайлы жерге тағайындаған. Күдікті өз әрекетін мойындады.