Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 40-тан асты
Науқастармен тығыз қарым-қатынаста болған 13 967 адам медициналық бақылауға алынған
Қытайдың Хубэй провинциясында тарап жатқан коронавирустың жаңа түрінен көз жұмғандар саны 39 адамға жеткен. Жергілікті биліктің мәліметінше, Қытайда осы вирустан жалпы саны 41 адам қайтыс болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көз жұмғандардың 38-і — Ухань қаласының тұрғыны болса, біреуі — Ичана тұрғыны екен. Провинцияда барлығы 729 адам ауру жұқтырған. Сондай-ақ, Хэйлунцзян және Хэбэй провинцияларында екі адам бақилық болған.
РИА Новости агенттігінің мәліметінше, 29 провинция мен қалада 1303 адамның ауру жұқтырғаны нақтыланған. Сондай-ақ, коронавирустың жаңа түріне шалдыққан 1965 жағдай тіркелген екен. Вирус елдің 30 аймағына тарап кеткен.
Қазіргі уақытта науқастармен тығыз қарым-қатынаста болған 13 967 адам медициналық бақылауға алынған. Ем қабылдаған 38 адам ауруханадан шығарылған.
Paper басылымының жазуынша, коронавирустың жаңа түрінен Қытайда алғашқы болып Ухань ауруханасында жұмыс істейтін 62 жастағы отоларинголог дәрігер Лян Удун қайтыс болған.
Қазіргі таңда Қытайдан тыс, Гонконгта бес адамның, Макаода екі, Тайванда үш, Тайландта төрт (екі науқас ауруханадан шықты), Жапонияда екі (бір науқас ауруханадан шықты), Оңтүстік Кореяда екі, АҚШ-та екі, Въетнамда үш, Сингапурде үш, Непалда бір, Францияда екі, Австралияда бір адамның ауру жұқтырғаны анықталды.