Ресейде іздеуде жүрген азаматты Алматы полициясы алаяқтығы үшін ұстады
25 жастағы ресейлік азамат Шымкентте жасырынып жүрген

Алматыда Ресей полициясының іздеуінде болған азамат қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алмалы аудандық полиция басқармасының мәліметінше, іздеудегі 25 жастағы ресейлік азамат Шымкентте жасырынып жүрген.
«Шымкент қаласындағы пәтерлердің бірінде 1997 жылы туған Е. есімді азамат ұсталды. Дәл сол жерде ол РФ-ның әділет органдарынан жасырынған. Көрші мемлекеттің полиция қызметкерлері айыпталушыны есірткіні заңсыз иемденгені, сақтағаны, тасымалдағаны, дайындағаны және өңдегені үшін іздеп жүргені белгілі болды.
Ал Алматы полиция қызметкерлері күдіктіні бірқатар алаяқтық әрекеті үшін іздеп жатқан болатын. Біздің дерегіміз бойынша Е. есімді азамат сайтқа арзан бағамен пәтер жалдау туралы хабарландыру жариялап отырған. Артынша өзі бір күнге жалға алған пәтерді ұзақ мерзімге қайта жалға беріп, қашып кетіп отырған. Алдау және сенімге қиянат жасау арқылы қаскөй жалған келісімшарттар жіберіп, 100% алдын ала төлемді талап етіп, кейін ұялы телефонын өшіріп тастаған. Ол үшін оның бірнеше абоненттік нөмірлері болды, олар тінту кезінде тәркіленді. Сонымен қатар, аударымдар жүзеге асырылған банктік деректемелер анықталды», - деді Алмалы аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Есен Ысқақов.
Қазір алаяқтық бойынша 16 дерек дәлелденді. Сол бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды
Күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Жедел қызметкерлер алданған адамдардың әлі де көп болуы мүмкін екеніне сенімді.
«Ұсталған адамның суретіне мұқият қарауды сұраймыз. Осы азаматтың әрекетінен зардап шеккендерді мына телефон нөмірлері бойынша хабарласуларыңызды сұраймыз: 8-708-707-9202; 8-705-771-1371; 8-705-555-7763; 254-46-12 және 254-46-08», — деді полковник Ысқақов.