Он тәулікке қамалған танымал вайнерлерге қатысты сот қаулысы өзгеріссіз қалды
Сот актісіне қатысты күдіктілердің өкілдері апелляциялық шағым түсірген болатын
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысы бар деп танылған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты он тәулік қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өз күшінде қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бұдан бұрын Алматы қаласының тергеу сотының қаулысымен шығарылған Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты он тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қаралды. Аталмыш соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылды», - деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің өкілі Абай Жарылқасын.
Сот өкілі қамауға алу мерзімі өткеннен кейін тергеу органы бұлтартпау шарасын ұзарту туралы сотқа жүгіне алады деп түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық танымал вайнерлер 10 тәулікке қамауға алынды
Аталған іске қатысты өзге ақпаратты ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 201-бабына сай тергеу орындарынан білуге болады.
Айта кетсек, сот актісіне қатысты күдіктілердің өкілдері апелляциялық шағым түсірген болатын.