«Өртенсең де жазадан құтылмайсың»: Алматы облысында «Құрмет» орденінің иегері өзін өртемек болды
Ол заңсыз қоқыс қабылдап, полигон ашып алған
Алматы облысында зейнеткер, «Құрмет» орденінің кавалері облыс әкімдігінің жанында өзін өртейтін хабарлады. Оның айтуынша, аудан әкімі мен прокурор азаматтық белсенділерге қысым көрсетіп отыр. Ал әкімдік өкілдері оның заңды белден басып отырғанын айтады. Дау Талғар ауданындағы жерге таластан шығып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Зейнеткердің әрекетіне назар аударған облыс әкімдігі заңды бұзған адам өртеніп кетсе де жазадан құтылмайтынын айтты. Дауға қатысты соттың шешімі де шыққан екен. Бірақ ауданда өзгенің жеріне заңсыз өндіріс салған зейнеткер ешбір ескертпені елемей келеді.
Алматы облысы Талғар аудандық мәслихатының депутаты Ержан Игібаевтың айтуынша, «Жан-Ару» жеке кәсіпкерлігі заңсыз қоқыс қабылдап, полигон ашып алған. Мемлекеттік мекемелердің ескертпесін де елемей келеді. Тіптен оны сот та, сот орындаушылары да тоқтата алмай келеді.
«Айтжігітовке қоқыс өңдеу зауытын салу үшін жер берілді, бірақ 8 жыл ішінде ол ештеңе істемеген және орнын тұрмыстық және бейорганикалық қалдықтар бойынша рұқсат етілмеген полигонға айналдырды. Біз тексеру үшін барған кезде онда тіпті жануарлардан алынған ұшалар да болған, ал бұл үшін арнайы лицензиялар қажет, өйткені мұның бәрі инфекция мен вирустық аурулардың тасымалдаушылары болып саналады», - деді депутат Ержан Игібаев.
Әкімдік пен зейнеткер арасындағы тартыс ауданды қойып, облыстық сотқа да жеткен. Алматы облыстық соты 15 ақпанда «Жан-Ару» жеке кәсіпкерлігінің тұрмыстық қалдықтарды қабылдауды үш айға тоқтату туралы қаулысы да шыққан. Қаулы жария етілген сәттен бастап заңды күшіне енді. Бірақ Айжігітов айналаны полигонға айналдыруын бәрібір тоқтатпаған. Талғар ауданы ақсақалдарының айтуынша, Айжігітов тарапынан жасалған мұндай әрекет қоғамды сыйламау, табиғатқа қасақана зиян келтіру болып саналады.
«Ақсақал өзін өртеп жіберетінін бүкіл елге жариялап отыр. Өзінің кінәсі бола тұра бұлай жасауы қате. Ол заңды бірнеше рет бұзған. Менің ойымша, бұл «Құрмет» ордені бар адам үшін лайықты әрекет емес. Керісінше, жас ұрпаққа үлгі болуы керек. Біз табиғатты қорғап, зиян келтірмеуіміз керек», - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Рахымбергенұлы.
Алматы облысының экология департаменті де полигонға қатысты тексеру жүргізіп, заңсыздықтарды анықтаған. Қоқыс төккен көліктер арқылы ақша тауып, тегін пайдаға кенеліп келген зейнеткер сол маңдағы тұрғындарға да зиянын тигізіп келеді. Үнемі өртеніп жататын полигонның иісі мен көк түтіні халықтың денсаулығына да кері әсерін тигізіп келеді.
«Бұған дейін «Огонек» бау-бақша шаруашылығының төрағасы Н.К.Жарылқасын, Ақтас саяжайы тұрғындарының ұжымдық үндеуі негізінде «Жан-Ару» ЖК-ның қарым-қатынасына ҚР экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізген. Белгілі болғандай «Жан-Ару» ЖК Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 76, 90-баптарында, 350-бабының 7-тармағында және 206-бабының 2-тармағында көрсетілген заң талаптарын бұзып отыр. Аталған шаруа қожалығының басшысы – зейнеткер, «Құрмет» орденінің кавалері Айжігітов. Аудандық прокуратура анықтау барысында жер телімінде Б.С. Айжігітов пен А.Б. Айжігітов құм мен қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіріп отырғанын да анықтаған. Заңның талабын бұзған адам өртену арқылы жазадан құтылмайды», - деді Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал құзырлы органдардың талабын тыңдамаған зейнеткер 29 сәуір күні облыс әкімдігінің алдында пикет өткізбек.