Ағасы басынан тепкен: Маңғыстауда 6 айлық нәрестеге ауыр ота жасалды
Қазір сәбидің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабырғасында алты айлық сәбидің бас сүйегіне ота жасалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаевтың жазуынша, нәресте 20 сәуір күні сағат 19.35 шамасында балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілген. Сәбиге жабық бас сүйек-ми жарақаты, төбе сүйегінің ішке қарай сынып кетуі, мидың соққы алуы деген диагноз қойылған.
Ата-анасының айтуынша, нәрестені 4 жасар ағасы абайсызда басынан тепкен.
«Балалар нейрохирургі Ербол Кенжевалов трепанация әдісімен операцияны сәтті жасады. Ол ішке қарай майысып кеткен сүйек сынығын көтеріп, нәрестенің жағдайын тұрақтандыра алды», - деп жазды блогер.
Қазіргі уақытта бала травматология бөлімінде жатыр, оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.