Павлодарда балықтардың қырылуына байланысты комиссия құрылды
Ақсу қаласы маңындағы Тяпка көлінде балық қырылған
Павлодарда балықтардың қырылуына байланысты комиссия құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, 2022 жылғы 14 сәуір күні сағат 16:00-де Павлодар облыстық балық инспекциясы бөліміне Ақсу қаласының Ленинский кентінің маңындағы Тяпка көлінде балықтардың қырылғаны туралы бейне хабарлама келіп түсті. Бекітілген өзара іс-қимыл сызбасына сәйкес, жануарлардың қырылу қаупі және өлімі анықталған кезде мемлекеттік органдарға (Павлодар облысы бойынша экология департаменті, Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы, «БШ ҒӨО» ЖШС Алтай филиалы) хабарланады», - делінген ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің Facebook парақшасында жарияланған ақпаратта.
Комитеттің хабарлауынша, балықтың қырылу себептерін, сандық және түрлік құрамын анықтау мақсатында бүгін комиссияның балық қырылған жерге баруы жоспарланған. Балықтардың қырылу себебі туралы ақпарат зертханалық зерттеулер нәтижелерін алғаннан кейін қосымша хабарланады.