БҚО-да су басқан екі ауданда төтенше жағдай жарияланды
Қос ауданда тасқын қаупі күшейіп барады
Батыс Қазақстандағы Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Қос ауданда тасқын қаупі күшейіп барады. Бұған дейін Шалғын ауылын су басқанын және өзге елдімекендердің жолы жабылып қалған болатын. Шалғында 25 үйге зақым келген. Адамдар аман. Ал малдан шығын болды. 30 шақты қой-ешкі өлген. Құтқарушылар 57 адамды жақын жердегі Қоскөл ауылына көшірді. Соның 37-сі – бала. Оқушылардың жартысы әзірге сол ауылда, ал қалғаны облыс орталығында білім алады. Сел басқан ауылда ер адамдар қалған. Олар қоражайды қарайды және табиғи апатты ауыздықтауға күш салады.
Ал Шыңғырлау ауданында Сегізсай мен Шыңғырлау ауылдарының арасындағы жолды 9 жерден су шайып кетті. Алмаз ауылы маңындағы көпір де опырылып, көлік қатынасы тоқтады. Қазір төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тасқынға тосқын шараларын жүргізіп жатыр. Ал зардап шеккен отбасылардың шығынын арнайы комиссия есептеп, мемлекет тарапынан тиісті өтемақы беріледі.
«Ең қауіпті, қиын жағдай Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында болып отыр. Осы екі күн ішінде қызыл су келіп, үйлердің жартысын су басты. Біз тиісті техникамен көмектесеміз және басқа да қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Алмаз ауылына кіреберіс көпірді су шайып кетті. Яғни, сол ауылға ешқандай, Ақтөбе жолынан да, Шыңғырлау жағынан да жол қатынасы болмай тұр. Егер жағдай қиын болып жатса, әрине, біз ол ауылға көмекке дала жақтан бара аламыз. Барлық ауыл азық-түлікпен, басқа да қажетті заттармен қамтылды. Мемлекет қана емес, әр ауылдың кәсіпкерлері де зардап шеккен жерлестерімізге көмек көрсететін болады», - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
«Күннің 3-4 күн бойы ыстық болғанын, 18 градусқа дейін көтерілгенін білесіздер. Соған байланысты судың өз арнасынан асып, жолда ауылдың ішіне кіруге себеп болған. Судың төмен түсуі байқалып отыр. Дегенмен біз жоғарыдан келетін Шыңғырлау, Қаратөбенің аумағында орналасқан қардың есесін ескере отырып, олардың бағытын бақылауда ұстап отырмыз. Біз сол жерде әдейі техникаларды қойдық. Сол жерде қалған азаматтар тасқын келген жағдайда судың жол жүрісін түзеп, тиісті жұмыстар атқарады», - деді облыстық ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов.