«Ұлттық сараптама орталығының» қызметкері 8 жылға сотталды
Оған пара алды және пандемия кезінде әкімшілік жауапкершіліктен жалтарды деген айыптар тағылды
«Ұлттық сараптама орталығының» астаналық филиалының қызметкері сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 30 наурызда Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотымен Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының қызметкеріне қатысты 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны жайында үкім жарияланды.
«Ол Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлік субъектілерінен қоғамдық тамақтану саласында ақша қаражатын алу фактісі бойынша, пандемия кезеңінде әкімшілік жауапкершіліктен жалтарғаны үшін кінәлі деп танылды», - делінген хабарламада.
Үкім сотталушының ұжымы мен Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қызметкерлері қатысқан бейнеконференцияда жарияланды.
Айта кетсек, 2021 жылдан бастап алдын алу шарасы ретінде қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасады деп айыпталған мемлекеттік қызметкерлер ұжымдарының сот отырыстарына қатысу практикасы енгізілді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.