Көршілер арасындағы жанжал: Рудныйда ер адам төрт жасар баланы анасымен бірге өртеп жіберді
Оқиға кеше болған
Рудныйда ер адам көршісінің төрт жасар баласына керосин құйып, өртеп жіберді. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол сөз басында полицияда жұмыс істеген қаншама жылында көптеген оқиғаны көргенін, алайда бұл жағдай оны қатты есеңгіретіп жібергенін айтты.
«Жағдайды басынан баяндайын, 16 наурыз күні Рудный қаласының полиция басқармасына мынадай бір қорқынышты хабарлама жетті. 44 жастағы ер адам көршісінің есігін қағып, ар жағынан баласын көтеріп шыққан 32 жастағы келіншекке керосин шашып, өртеп жіберіпті.
Аталған оқиға бойынша полиция адам өлтіруге оқталу бабы жөнінде сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу жұмыстары тікелей менің бақылауымда.
Төрт жасар сәби қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 40 пайыздан астамын күйік шалған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ал әйел адамның қолының білезік тұсы күйген. Жағдайдың осылай өрбуіне көршілер арасындағы жанжал себеп болған», - деді Ерлан Омарбеков.
Ол сөз соңында адамгершіліктен аттаудың зиянын, ашуға ерік берудің қандай жағдайға ұрындыратынын айтты.
«Осы тергеу жұмысына қатысты ақпараттарды уақытылы жариялап отырамын», - деді Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы.