Ақсуда әйелін ұрған тұрғынның қаруы тәркіленді
Сот қаулысымен тәртіп бұзушыға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылды

Ақсуда әйелін ұрған тұрғынның қаруы тәркіленді. Полицияға сағат 01.00-де қорқып қалған әйел қоңырау шалып, көмек сұраған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оның 38 жастағы күйеуі үйінде жанжал шығарып, тіл тигізген, моральдік және психологиялық қысым жасаған.
"Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Ол полицияға жүгінген әйелдің жолдасы үйде жанжал шығарып, ұрыс кезінде жұбайының денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтіргенін анықтады. Күйеуі сау болды. Учаскелік полиция инспекторы 38 жастағы ер адамға қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл дәрежеде зиян келтіргені үшін ҚР ӘҚБтК 73-1-бабы 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады. Материал сотқа жіберілді", - деп хабарлады Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айдын Жүнісов.
Сот қаулысымен тәртіп бұзушыға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылды, өйткені сотта ерлі-зайыптылар татуласқан.
Учаскелік инспектор аталған азаматтың атында ТОЗ-34 маркалы тегіс ұңғылы қару тіркелгенін біліп, аталған мылтық тәркіленді.
Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес тіркелген қаруы бар, бірақ отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекет жасаған азаматтардан қару алынады.