«Кореяда мұндай ұятсыздыққа бармайды»: Алматы тұрғыны Қазпошта қызметкерлерін сәлемдемені ұрлады деп айыптады

Райымбек көшесіндегі бөлімшеге өзге де клиенттер шағым айтқан

«Кореяда мұндай ұятсыздыққа бармайды»: Алматы тұрғыны Қазпошта қызметкерлерін сәлемдемені ұрлады деп айыптады

Алматы тұрғыны Айнұр Өтегенова Оңтүстік Кореядан жіберілген сәлемдеменің пошта бөлімшесінде тоналғанын айтып, әділдік іздеп жүр. Пошта филиалының басшысы да, полиция да оның арызына құлақ асудың орнына, өзін кінәлаған көрінеді. 800 мың теңгенің алтынынан айрылдым деген әйел редакциямызға шағымын айтып келді.

Айнұрдың сіңлісі Назым Жұматаева 2015 жылдан бері Оңтүсік Кореяда тұрады. Сол елдің азаматына күйеуге шығып, сонда жұмыс істейді. Кореяда алтын қымбат және ассортиментке бай болмағандықтан, Назым әпкесіне айтып, Қазақстаннан 800 мың теңгеге алтын алқа алдырыпты. Алайда, ұзындығы сәйкес келмегендіктен, оны ауыстыру үшін Алматыға пошта арқылы қайта салып жіберген. Бірнеше күннен кейін сәлемдеме салынған қорап Қазпоштаның Райымбек көшесінде орналасқан бөлімшесіне келіп жеткен. Айнұр Өтегенова қорапты алғанда оның ашылғанын, ішіндегі алтын алқаның ұрланғанын бірден білгенін айтып отыр.

«14 ақпанда Қазақстанға салып жібердім. Бұндай алқа Кореяда жоқ, әрі бұл жақта алтынның бағасы қымбат. Кореяда мұндай ұрлық деген жоқ. Ондай ұятсыздыққа бармайды. Әлі түсіне алмай отырмын, неге олар біреудің қорабын ашады? Мұны істеген сол Қазпоштаның қызметкерлері. Дәл сол Райымбек 158 «б» мекен-жайындағы бөлімшеден бұған дейін де бірнеше рет зат жоғалған екен. Оны әлеуметтік желіден білдім. Күйеуім осы Корея азаматы, мұны естігенде шок болды. Біреудің қорабын ашуға қандай құқы бар деп түсіне алмай отыр», -  деді Назым Жұматаева.

Оның сөзінше, қорапта алтыннан басқада заттар болған. Алқаны шұлықтың ішіне салып, сыртын скотчпен орап тастаған. Қазпошта арқылы келген сәлемдеме орта жолда ашылып, шұлықтың ішіндегі құнды зат жоғалып кеткен. Назымның әпкесі поштаның бөлімшесіне барғанмен, ондағылар өзін қорқытып, қуып шыққан көрінеді.

«Қорапты үйге курьер әкелді. Ішін ашып қарасам скотчталған шұлық та ашылған, іші шашылған. Бірден бөлімшеге бардым. Ондағы қызметкерлер өзіме ұрысып берді. Сосын болмаған соң полиция шақырдым. Полиция істі анықтаудың орнына мынауың «контрабанда» деп, олармен бірге өзіме тиісе бастады. Өзің тұратын жерің арқылы арыз жаз деп ақыл айтты. Үш сағат жүрдім. Контрабанда екенін анықтау почта қызметкрелері мен полицияның құзырында емес. Корея мен Қазақстанның шекарасынан, кеденшілердің тексеруінен өткен затты олардың контрабанда деуге қандай құқы бар? Полиция «арыз жазсаң, контрабандамен айналысты деп мыналар өзіңе қарсы арыз жазады» деп қорқытты. Ертеңінде почтаға тағы бардық. Басшысымен де жолықтырмады, қуып шықты. Камераны да көрсетпеді », - деді Айнұр Өтегенова.

Алтын алқа мен өзге де сәлемдемелерді Қазақстандағы әпкесінің қолына тигізу үшін Назым тасымалдау қызметіне 150 мың теңге төлепті. Алматыдағы кеден қызметі қосымша 11 мың теңге тағы алған.

Апалы-сіңлі Назым мен Айнұрдың сөзін алтын сататын өзге де әйелдер құптап отыр. Олар да дәл осы Райымбек көшесіндегі пошта бөлімшесінде миллиондаған теңгенің алтынын жоғалтқанын айтты.

«Алтынды Италиядан, Ресейден, Түркиядан алдырып, Қазақстанның өзге қалаларына жібереміз. Қасымда отыз шақты кәсіпкер әйел бар. Жезқазған, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Тараз сынды қалаларға жіберген алтындарымыз иелерінің қолына барады. Дәл осы Алматының Райымбек 158 «б» адресінде орналасқан Қазпочтаның бөлімшесінен заттарымыз ұрланады, тоналады. Осындағы кез келген әйел дәл Алматығадағы осы бөлімшеден көп зардап шеккен. Былтыр менің 4 млн теңгеге бағаланған алтындарымды дәл осы поштаның қызметкерлері ұрлап алды. Қызметкерелері тонайды. Қасымдағы өзге де әйелдер осылай опық жеп қалды. Комплект салып жіберсек, ішіндегі бір алтынды алып қалады немесе алқа салсақ, алқаның жартысын үзіп алады. Арызданып жүріп алтындардың осы бөлімшеде ұрланғанын анықтадық. Басшысы Ерлан деген жігіт те қылмыстың сонда болғанын мойындады. Бірақ, нақты кімнің ұрлағанын сол күйі таппады», - деді ақтаулық кәсіпкер Айбибі Қожамұратова.

«Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша және дөрекілік танытқан пошта қызметкеріне тексеру жұмысын жүргізетінін хабарлады. Олардың сөзінше, затты жіберуші тарап құжатқа алтынның бар екенін арнайы көрсетпегендіктен, алтын алқаның жоғалғандығын жоққа шығарады.

«Алтынның дәл қай жерде жоғалғанын, қорап қай адресте ашылғанын анықтаймыз. Біздің қызметкерлер ұралды деуге келмейді. Ес298311699kr трек нөмірі бар сәлемдемеге қатысты мынаны хабарлаймыз: Кореядан салмағы 8 келі 400 грамм сәлемдеме Қазақстанға келді, мұндағы 8 келі негізгі заттың салмағы, 400 грамм — гофрленген қаптаманың салмағы. Шот-фактурада (ілеспе құжатта) жөнелтуші жоғалтқанын талап ететін алтын бұйымды көрсетпей, 7 дана косметиканы жазған. Сәлемдеме Қазақстанға 8 кг 400 грамм салмағымен келгендіктен және алушыға осындай салмақта берілгендіктен, жіберуші елдің пошта қызметіне хабарласуды ұсынамыз. Қосымшада жөнелтiмдi алғаны туралы түбіртек бар, сондай-ақ сәлемдеме салмағын көрсететiн шот-фактура (ілеспе құжат) бар. Жіберушінің қатесі: құжатқа нақты заттардың тізімін көрсетпеген. Сонымен қатар, елдер арасында зергерлік бұйымдарды пошта арқылы тасымалдауға болмайды, егер алтын бұйымдар болса, онда кеден өткізбеу керек еді.

Кеденшілерден алтынды неге өткізгенін сұрау керек. Басқа ұрлық туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені мен ол туралы егжей-тегжейлі білмеймін. Мен нақты құжаттарға сенемін», - деді «Қазпочта» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Әбдірова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.