Әлеуметтік желіде ұлт араздығын туғызған Петропавл тұрғыны жеті жылға сотталды
Филологиялық сараптама ол орналастырған материалдардың экстремизм сипатына ие екендігін дәлелдеді
Петропавл тұрғыны әлеуметтік желіде ұлт араздығын туғызғаны үшін жеті жылға сотталды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Үкім заңды күшіне енді.
«Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін іс материалдары Петропавл қаласының сотына жолданды. ҚР ҚК 174 бабы 2 бөліміне сәйкес оған жеті жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.
«Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің назарын Петропавл тұрғыны аударған. Оның «Facebook»-ке орналастырған материалдарынан, қалдырған жазбаларынан ұлт араздығын қоздыру әрекеті байқалған. Жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде облыс орталығының 37 жастағы тұрғыны анықталды. Ер адам «Facebook»-тен басқа «Instagram» мен «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде де сол сарындас жазбалар қалдырып келген. Филологиялық сараптама ол орналастырған материалдардың экстремизм сипатына ие екендігін дәлелдеді», - деп нақтылады полицейлер.