Алматыда үйінде есірткі мен қару сақтаған ер адам қолға түсті
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматыда үйінде мефедрон есірткісі мен макаров тапаншасын жасырған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес психотроптық затты сатушыны ұстау бойынша жүргізілген арнайы іс-шара кезінде ұсталды. Оны есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері полицияның арнайы жасағының көмегімен жүргізді.
«Жедел-іздеу іс-шараларын жүргізу барысында 26 жастағы Г есімді азамат ұсталды. Оның тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту кезінде, ақ түсті ұнтақ заты бар екі полиэтилен бума және төрт патроны бар Макаров тапаншасы табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат «мефедрон» синтетикалық есірткісі екені анықталды. Мамандардың айтуынша, қару атуға жарамды», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөліміне сәйкес тергеліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.