Біреуі 3 айлық нәресте: Петропавлда мас әйел екі баласын қараусыз қалдырған
Полиция қызметкерлері 37 жастағы әйелді ата-ана құқығынан айыру үшін материал жинастыруда
Петропавлда мас әйел екі баласын қараусыз қалдырған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласы Полиция басқармасы ювеналдық полиция тобының қызметкерлері екі баласы бар 37 жастағы әйелді ата-ана құқығынан айыру үшін материал жинастыруда.
"17 ақпан күні таңертең Бірінші полиция бөліміне Копай көшесіндегі жер үйлердің бірінде екі бала, жеті жастағы қыз бен үш айлық ұл бала қараусыз қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Олардың аналары үйде болғанымен, алкогольдік масаң күйде болған. Мән-жайды анықтау кезінде аталған үйде екі баласымен ешқайда жұмыс істемейтін әйелдің тұратыны анықталды", - делінген хабарламада.
Әйел медициналық куәландырудан өткізу үшін жеткізілді, оның орта деңгейдегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Оның кәмелетке толмаған балалары облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Аталған әйел полицейлердің назарына алғаш ілігіп отырған жоқ. Ол қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімінде есепке алынған.
Қаңтар айында қалалық әкімдіктің қасындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысында оған қатысты мәселелер қарастырылған. Сондай-ақ, ол ҚР ӘҚБтК 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік жауапқа тартылған.
Қазіргі уақытта қалалық қорғаншылық және қамқоршылық бөліміне материалдар жинастырылуда. Петропавл қаласы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушеваның ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында ҚР ӘҚБтК 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 43 ата-ана жауапқа тартылған. Қалалық полиция есебінде 86 отбасы тұр, оның 8-і осы жылы есепке қойылған. Кәмелетке толмағандардың тарапынан және оларға қатысты қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысы күнделікті жүргізіледі және облыстық полицияның ерекше бақылауында.