БҚО-да браконьерлер инспекторларға оқ атты
«Охотзоопром» өндірістік бірлестік инспекторларына екі браконьер қарсылық көрсетіп, оқ атқан
Батыс Қазақстан облысында браконьерлер инспекторларға оқ атты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз мліметінше, оқиға 16 ақпан күні болған.
«Охотзоопром» өндірістік бірлестік инспекторларына екі браконьер қарсылық көрсетіп, оқ атқан. Абырой болғанда, адам шығыны мен жарақат алғандар жоқ.
«Инспекторлар барлау кезінде Казталов ауданы Жұлдыз кенті аумағында «Боран» маркалы қарда жүргіш көлігінің ізіне түскен. Жедел қуып жеткен қорықшылардың пәрменіне құлақ аспаған қаскөйлер Тойота маркалы қызметтік көлікке анықталмаған мылтықтан шамамен 10 рет оқ атқан. Автомобильдің алдыңғы дөңгелектері жарылып, бампері зақымдалған. Инспекторлардың табельдік қарудан ескерту оқ атқандарына қарамастан, браконьерлер БҚО Жаңақала ауданы Новоказанка ауылына қарай іздерін суытқан», - делінген хабарламада.
Оқиға орнына Казталов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шақырылып, аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.