Алматыда ер адам өзін газбен улап өлтірмек болды
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр
Алматыда ер адам өзін газбен улап өлтірмек болды. Ол ішімдік ішкен соң өзіне қол салмақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға Медеу ауданында болған. Жарылыс пен уланудан қауіптенген құқық қорғау органдарының қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдегі адамдарды шұғыл түрде эвакуациялаған. Полицияның кезекші пультіне Уәлиханов көшесінде орналасқан үйлердің тұрғындары шағымданған.
«Ең алдымен, патрульдік полиция жасағы мен келген учаскелік инспектор үй тұрғындарын шұғыл эвакуациялауға кірісті. Пәтерлердің бірінің балконында қолында пышақ ұстаған ер адам өз-өзімді өлтіремін деп айқайлаған. Абырой болғанда, патруль мен учаскелік полиция қызметкері ер адамды құтқарып қалды. Өзін өлтіруге жол бермеді. Кейін белгілі болғандай, ішімдік ішіп алған алматылық өзін улап өлтіру үшін газды ашып тастаған. Уақытылы берілген дабыл мен қабылданған шаралардың арқасында қайғылы жағдайға жол берілген жоқ», – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.
Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Тексеру барысында ер адам бұл пәтерді бір тәулікке жалға алғаны анықталды. Ол өзінің ойластырған жоспарын іске асыру үшін пәтерді әдейі алған болуы мүмкін екенін де полиция жоққа шығармады.