Балқаш көліне қаланың кәріз суы құйылып жатыр

Azattyq Rýhy

Лас су басқан жерді экологтар тексеруге кіріскен

Балқаш көліне қаланың кәріз суы құйылып жатыр. Мұны байқаған тұрғындар дабыл қағуда. Қазір лас су басқан жерді экологтар тексеруге кіріскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Балқаш қаласының кәріз суы жиналатын жер Шашубай кентінің маңында орналасқан. Тұрғындар лас су құйылатын шұңқырдың арнасынан асқанын осыдан он күн бұрын айтыпты. Алайда қозғалған жан болмаған. Қазір далаға жайылған кәріз суы Балқаш көліне жеткен. Ақтоғай ауданы әкімдігі кеше ғана осы жерге барып әңгіменің растығына көз жеткізгенін айтады. Аталған аумақты экологтар тексеріп, Балқаш қаласының кәріз жүйесіне иелік ететін «Балқаш Су» мекемесін жауапқа тартады деп сендіріп отыр.

«Кәріз жүйесі туралы түскен бейнежазба бойынша комиссия құрылып,  комиссияны өзім бастап, Тоқырауын полиция басшысы, коммуналдық салалармен бірігіп тиісті орынға бардық. Ол жерде кәріз жүйесі ағып жатқаны анықталды. Біздің тарапымыздан Қарағанды экологиялық департаментіне тиісті шара қолдануға хат жазылды», - дейді Шашубай кентінің әкімі Данияр Серіков.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.