Атырауда жанармай бекетін тонағандар қолға түсті (видео)
Күдіктілер қызметкерлерді қорқытып, кассадағы 268 мың теңгені алып кеткен

Атырауда жанармай бекетін тонаған күдіктілер көп ұзамай қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ATPress.kz сайтына сілтеме жасап.
Атырау облыстық полиция департаменті тонау әрекетінің 9 қаңтар күні таңғы сағат 6-лар шамасында болғанын хабарлады.
С.Датов көшесінде орналасқан жанармай құю бекетіне белгісіз екі ер адам кіріп келіп, қызметкерлерді қорқытып, кассадағы 268 мың теңгені алып қашып кеткен.
«Күдіктілер жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы табылды», – дейді баспасөз қызметінен.
«Күдіктілердің бірі Жылыой ауданының 25 жастағы тұрғыны мен Атырау қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты. Тінту барысында заттай айғақ – ақша тәркіленді», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК «Тонау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.