Кім екені анықталды: Алматыда көз жұмған содырлардың жерленген орны табылды

Azattyq Rýhy

Мәйітханаға 7 рет шабуыл жасалып, қаза болған 41 адамның мәйіті ұрланғаны айтылған болатын

Көрнекі сурет: ашық дереккөзден

Алматы қаласы полиция департаменті террористік шабуылға қатысқандар көмілген орындағы мәйіттердің жеке басы анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

«Олардың жеке басы анықталды. Сот-медициналық сараптамалар Қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес жүргізілетін болады», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматы полициясының ресми өкілі Салтанат Әзірбек биыл 4-8 қаңтарда қалаға террористік шабуыл жасауға қатысқандардың мәйіті көмілген орынның табылғаны туралы ақпаратты растаған болатын.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жағасып жатыр.

«Иә, растаймыз. Расында да мәйіттер табылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Сондықтан мәйіт саны қанша екенін нақты білмейміз. Жедел тергеу тобы жұмыстарды аяқтағаннан кейін толық ақпарат ұсынылады», - деді Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, тергеу барысында содырлардың кім екені және олардың қай діни ағымды ұстанғаны анықталады.

Әзірге тергеудің басқа деректері жарияланбайды.

Бұған дейін Алматы коменданты Қанат Таймерденов қаза тапқан лаңкестердің денесін содырлар өздерімен бірге алып кеткенін айтқан болатын.  

«Шабуылдаушылар өлгендерді тастап кеткен жоқ, жаралыларды да өздерімен бірге алып кетті. Бұл күндері мәйітханаға 7 рет шабуыл жасалды. Қаза болған 41 адамның мәйіті ұрланды», - деген еді Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов ОСК-дегі брифингте.

Қазақстанда бүлік кезінде 227 адам көз жұмды, оның 151-і Алматыда қаза болды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.