Қазақстанда 20 күннің ішінде 100-ден астам адам жол апатынан көз жұмды
400-ге жуық адам түрлі дәрежеде жарақат алды
Жыл басынан бері жол апатынан 100-ден астам адам қаза болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа қарамастан жағдай күрделі болып қалуда. Қаңтар айының басынан бері жол апаттары 100-ден астам адамның өмірін қиды және 400-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.
Соңғы аптада орын алған екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖКО ерекше алаңдаушылық тудырады. 14 қаңтарда Honda Odyssey автокөлігімен келе жатқан жүргізуші Атырау облысында Доссор-Құлсары-Бейнеу автожолында ВАЗ-2115 автокөлікпен соқтығысып, соның салдарынан 5 адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түсті.
Қызылорда облысында 15 қаңтарда Арал-Қазалы автожолында Mazda NPV автокөлігін көктайғақ жағдайында басқарған жүргізуші рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Volvo жүк көлігімен соқтығысты, салдарынан 8 адам қаза тапты.
18 қаңтарда Жамбыл облысындағы Саудакент-Жаңатас автожолында КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі бұрылыста жол бермей, Audi А6 көлігімен түйісті, жол апатынан төрт адам қаза тауып, біреуі ауруханаға түсті.
19 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Омбы-Майқапшағай автожолында Киа Rio автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай және басып озу кезінде метеорологиялық жағдайларды (қар жауған, боран) ескермей, Mitsubishi Outlander автокөлігімен соқтығысты. Соның салдарынан төрт адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды.
Жолдардағы осы қайғылы оқиғаларға байланысты әкімшілік полиция комитеті жол қозғалысының барлық қатысушыларын қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен автомобильдер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады.
Автокөлік иелері ауа райының өзгеруін мұқият қадағалап, нашарлаған жағдайда елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеуі керек.