Қызылордадағы тәртіпсіздік кезінде сарбазды өлтірді деген күдікті ұсталды
Ол уақытша қамау абақтысына жабылған
Қызылордалық полицейлер 5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздік кезінде әскери жауынгерді өлтірді деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Еске салайық, 5 қаңтарда еліміздің бірнеше өңірінде жаппай тәртіпсіздіктер басталып, оның соңы террористік шабуылға ұласқан болатын. Бүлікшілер Қызылорданың орталық алаңына жиналып, облыстық әкімдік ғимаратын, Nur Otan партиясы ғимаратын және өзге де нысандарды өртеп жіберген болатын.
Бүлікшілермен қақтығыс кезінде полицейлер мен әскерилер түрлі жарақат алған. Бір сарбаз оқиға орнында қаза тапты. Оны өлтірді деген күдікпен 31 жастағы Қызылорда тұрғыны ұсталған. Ол қазір уақытша қамау абақтысына жабылды.