Алматыдағы тәртіпсіздік: 5 медицина қызметкері зардап шегіп, 2 жедел жәрдем көлігі қирады

Azattyq Rýhy

Деструктивті әрекеттерді жақтаушылар балаларды ауруханаларға жатқызуға бара жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтатып, жолды бөгеген

Алматыдағы тәртіпсіздік: 5 медицина қызметкері зардап шегіп, 2 жедел жәрдем көлігі қирады
Фото: cenzoru.net

Алматыда тәртіпсіздікті жақтаушылар жедел жәрдем жұмысына кедергі келтіріп, салдарынан медицина қызметкерлері мен әлеуметтік нысандардың мүліктері қирады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, митингке қатысушы азаматтар мегаполистің емханалары мен ауруханаларына баса көктеп кіріп, медициналық мекемелердің мүліктері мен жабдықтарына зиян келтірді.

«Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жедел жәрдемнің 5 қызметкері, оның ішінде 2 жүргізуші мен 3 медицина маманы зардап шекті. Олар қалалық стационарларға жеткізілді. Сонымен қатар, 2 жедел жәрдем көлігі қирады, қалалық кардиологиялық орталықта қабылдау бөлмесі мен клиникалық-диагностикалық бөлімшенің терезелері сынған. Алмалы ауданының БМСК ғимаратында вандализм актісі тіркелді. Наурызбай ауданында №7 ГКБ қабылдау бөлмесіне пациентпен жедел жәрдем көлігінің қатынауы тоқтатылды», - делінген хабарладамада.

Сондай-ақ, деструктивті әрекеттерді жақтаушылар балаларды ауруханаларға жатқызуға бара жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтатып, жолды бөгеген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.