Есірткі, 21 дана ұялы телефон: Ақтөбеде қалта ұрысы ұсталды
990 мың теңге ақша және есірткі заттары тәркіленді
Ақтөбе қаласында криминалдық полиция қалта ұрлығын «кәсіп» еткендерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақтөбе қаласы Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Ақтөбе облысының Полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлерімен бірлесіп, қалта ұрлығы деректері бойынша, күдіктілерге тиесілі Ақтөбе қаласындағы жеке үйлердің бірінде санкцияланған тінту жұмыстарын жүргізу барысында заңсыз айналымда жүрген 21 ұялы телефон, 92 смартфон флэшкартасы, 2 адаптер, 41 алтын бұйымдар, 13 USB флэшкарта, 8 әмиян, ұялы телефонға арналған 28 қорап, 990 мың теңге ақша және есірткі заттары тәркіленді», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта тәркіленген заттар мен олардың бір бөлігі ашылмаған қылмыстық істер бойынша ұрланған мүлік ретінде өткені анықталды. Екі күдікті әйел қамауға алынды.