Жаңаөзенде атыс қаруын жасап, сатуға қатысқан қылмыстық топ ұсталды
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында атыс қаруын жасауға және сатуға қатысы бар қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik.kz.
Жаңаөзен қаласында атыс қаруын жасауға және сатуға қатысы бар қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы операция өтті.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, қала тұрғыны "Калашников" жауынгерлік автоматын сатып жатқан жерінен ұсталды. Бұған дейін ол "Макаров" тапаншасын сатқан.
Қылмысқа қатысы бар адамдардың тұрғылықты жерін тінту кезінде "Макаров" тапаншасы, 2 шолақ мылтық, оқ-дәрі, сондай-ақ аса ірі мөлшерде әртүрлі есірткі ("мефедрон", "апиын") тәркіленді.
Күдіктілер кінәсін мойындады. Олардың үшеуіне қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық кодекстің 287-бабы ("қаруды заңсыз өткізу және сақтау") және 297-бабы ("есірткі заттарын заңсыз сақтау") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ұсталғандардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.